Новости Атырау - Мунайлы Астана

    18 ноябрь 2017, 8:57
      Қоғам 05.09.2013, 13:02 0 пікір 2896 просмотров

      «БОМЖДАР» БОЛМАУ ҮШІН...

      - Мен «бомж» болғым келгендіктен қоқыс аралап, көше кезіп кеткен жоқпын. Менің  тағдырым шығар. Қалай десем екен, Сіздерге айтып жеткізе алмаймын, - деп кемсеңдеген Қарлығаш апайдың жанары жасқа толды. Бұл адамды базар маңынан кезіктірдім, кешкілік. Қоқыс жәшігінің маңында тіміскіленіп жүрген жерінен жолықтырған едік. Ол ілкіде, іркіле тіл қатып, кейіннен балаша қуанды. Шынында, бұл апайды біз ұсынған 100 теңге көңілдендірген еді. - Жастайымнан жетімдікті көріп өскен едім. Өсе келе де сол жетімдік жармасып алып қалмады. Бірақ менің де көретін көз қуанышым бар екен. Кейіннен үбірлі-шүбірлі болдым. Десем де, бұл қуанышым ұзаққа созылмады. Сосын барлығын    тастап, Атырауға келдім, -дейді алматылық апайымыз. Сөз арасы ұққанымыз, ішімдікке бой алдырып, сол «бәленің» кесірінен өз тағдырына өзі балта шапқанға ұқсайды. Ата-анасынан ерте қалып, тағдырына лағнет айтқан алматылық апайдың бар айтары мынау болды. - Менің басымнан кешкенімді басқаларына бере көрмесін. Қазір соқа басым сопайып,  өзім ғана қалдым. Аз күндік қуанышымды құдайдың өзі көп көрген ғой, -деді де, қоқыс жәшігінен ішер асын қамдап алған ол, кете барды. 


      СЕРГЕЛДЕҢГЕ ТҮСКЕН СЕРГЕЙ

      Ол 1969 жылы туған. Туған жері белгісіз. Есінде де қалмаған. Аты - Сергей. Сергейдің сергелдеңге түсуі бала кезінен басталған. Өмірге келмей жатып, жоқшылықты көп көрген. Жетімдер үйін мекендеген ол жалғыздыққа әбден етін үйреткен. Құжат атаулының не екенінен де бейхабар. Өңі түгіл түсіне де кірмеген. Төл құжатым – тірі сұлбам деп қояды. Сөзі қытымыр, көзі көк. Қоқыс қалдықтарына тояттағанына мәз. Қасынып қояды, әлсін-әлсін. - Құжаттарымның барын да, жоғын да білмеймін. Осы жүргенім өзіме ұнайды. Ешкімге зияным жоқ. Өз күнімді өзім көріп жүрмін. Маған не дейсіңдер? Жайларыңа жүріңдерші, -деп, ашу шақыра бастады да, сәлден соң сабасына түсті. Мүмкін бала күнінде басынан зақым алған шығар деп топшыладық. Жалпы ІІД баспасөз қызметінің бізге берген мәліметі бойынша тұрақты мекен-жайы жоқ адамдардың саны былтырғы жылы 412 болса, биылғы жылы 166 адам тіркеліпті. Былтырғыға қарағанда биылғы жылы азайғандығына тәубе демеске лаж жоқ. 


      ДӘРІГЕРЛІК КӨМЕК КӨРСЕТІЛУ КЕРЕК

      Атырау қаласы ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Асхат НҰРМАНОВ: - Тұрақты мекен-жайы жоқ тұлғаларды уақытша бейімдеу және детоксикациялау орталығына орналастыруға мүмкіндік жоқ.  Себебі, мұндай адамдарды олар қабылдамайды. Неге десеңіз, мұндай адамдар бұрын сол аталған орталықта жатып шыққандар. Міне, қарап тұрсаңыз, бұлар ешкімге қажет болмай отыр. Денсаулық сақтау (жалпы мағынасында айтып отырмын) басқармалары, яғни дәрігерлерде бұларды емдеуге құлықсыз сияқты көрінеді. Бұл жайында дөңгелек үстел де өткізген болатынбыз. Алайда біз шақырған мекеме басшылары емес, мамандары келеді де, айтылған сөз нақты шешімін таба алмай, қалып жатады. Менің ойымша, «бомждардан» қашпай, олардың сауығып кетуіне қолымыздан келгенше, жағдай жасауға жұмыстануымыз керек. Басты байлығымыз - адам денсаулығы деп есептейтін болсақ, олардың қоғамға араласулары үшін денсаулықтарын жөндеуіміз қажет. Біз алдымен сол тұрақты мекен-жайы жоқ тұлғалардың денсаулығына немқұрайлы қарамай, қолымыздан келгенше бірігіп қызмет етсек, олардың түбегейлі өзгеріп кетулеріне ықпал жасар едік, - дейді. 

      ҚАҢҒЫБАСТАРДАН ҚОРҚУ КЕРЕК      

       - Бұлар - бұл жолға әртүрлі тағдырмен келген адамдар. Тағдыр тауқыметін көтере алмай қалған адамдар болуы да  мүмкін. Бүкіл үй-күйінен, жалпы қара орманынан айрылып қалған адамдар болады. Ал енді бір адамдар болады, себепсізден-себепсіз бөтен жолға бет алатын. Негізі мұндай адамдардан қорқу керек деп есептеймін, өз басым. Неге десеңіз, шағын-шағын үйірлер бар қаланың әр түкпірінде отыратын.  Олар ұрлық жасауға бейім тұрады. Базарлардың маңында, болмаса басқа да бір жерлерде топталып жүреді. Олардың да бірін-бірі құрметтейтін, өздерінше ашылып әңгіме айтатын сәттері болатын шығар деп ойлаймын. Жалпы олардың қоғамға берер түгі де жоқ. Олар тек бір күнмен ғана өмір сүреді. Бүгін бар, ертең жоқ. Сондықтан олардың жолын басқа адамдардың басына бермеуін тілеймін. Бір сөзбен айтқанда, қаңғыбастардан қорқуымыз керек, -дейді айтыс-кер ақын, «Талант» қорының директоры Әбдіхан ЕСЕНӘЛИЕВ.  

      Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - қаңғыбастарға аса бір қамқорлық жасалмаса да, қолдан келгенінше олардың адам қатарына қосылып кетуіне септігіміз тисе ғой деп тарқастық.

      Автор: Асан ҚАСАН 

      Фото: Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ

      Пікірлер

      Пікір қосу

      ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

       
      Введите пять букв размещенных внизу:
       __   _      ___      ______    _____     _  __  
      | || | ||   / _ \\   /_   _//  |  ___||  | |/ // 
      | '--' ||  / //\ \\  `-| |,-   | ||__    | ' //  
      | .--. || |  ___  ||   | ||    | ||__    | . \\  
      |_|| |_|| |_||  |_||   |_||    |_____||  |_|\_\\ 
      `-`  `-`  `-`   `-`    `-`'    `-----`   `-` --` 
                                                       
      
       
      Наверх