Новости Атырау - Мунайлы Астана

      26 сентября 2018, 9:56
        PR 04.07.2018, 22:37 0 пікір 3984 просмотров

        Адами қасиетімізден айырылмайық...

        Қазіргі уақытта өзекті мәселелердің алдыңғы шебінде тұрған, тамыры тереңге жайылған нашақорлықпен пара – пар келетін, бүгінге дейін шешімі табылмай отырған қауіпті кеселдердің бірі де бірегейі – осы сыбайлас жемқорлық. Бұл әлеуметтік мәселенің жалпы адамзат өмірінде маңызы зор екендігі айдан анық. Үйреншікті сөзге айналып бара жатырған сыбайлас жемқорлық адамзаттың арамдануына да, я болмаса ұлттың жойылып, қоғамның күйреуіне де әкелуі мүмкін.

        Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес. Оған ем жасамас бұрын дерттің пайда болу жолдарын біліп, сол жолдың салынбауына жағдай туғызу керек. Ол үшін ең алдымен бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз тиіс. Бұқара болып жұмылуымыз үшін билікте отырғандар үлгі болуы керек. Осы жерде тағы да үш жақты достық қалыптастыруға болатынын көреміз. Тәрбиені тал бесіктен сіңіретін ата – ана, тәрбие мен білімді қоса құятын ұстаз һәм биліктің тізгінін ұстаған мемлекеттік қызметшілер.

        «Тәрбие тал бесіктен» деген дана халқымыз. Бала – ата-ананың айнасы. Бала тәрбиесіне баса назар аударуымыз тиіс. Баланы жіті бақылап, қатаң ұстаудың қажеті шамалы. Алдымен өзімізді қадағалап, адами тұрғыдан тәбиелесек ұрпағымыз да бізге қарап бой түзейтіні анық.

        Әр істің өз маманы жұмысқа алынса, жұмыс тұрақты әрі жоғары деңгейде жүріп тұрады. Осы жерде еңбек етуші тұлғалардың жалақысын көтеруді қолға алу керек десем қателеспеспін. Қарапайым ұстаз күні – түні қағазбен де, өзге жұрттың баласымен де алысады. Бірақ, алатын еңбек ақысы шынымен де аз. Содан келіп осындай сыбайлас жемқорлық кейпіндегі факттар орын алып жатады. Кезегін күттірмей алу, өтірік анықтамалар жаздырту, жақсы жұмысқа тұру үшін дипломды кілең «бестікке» толтыру тағысын тағы жеке бастың қамы үшін жасалатын қитұрқы әрекеттер толып жатыр. Бұлар да жемқорлықтың кішкентай көрінісі. Мұндайды «құлқының құлдығы болу» дейді.

        Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқару жүйесін бұзады, экономикалық тұрғыдан болсын, ұлт дамуына да болсын шектеу қояды. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында: «Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру» делінген. Заңды күшейтейік, жобаларды жүзеге асырайық, құқықтық сауаттылығымызды арттырайық. Бірақ, бәрін де өзімізден, ошағымыздан бастайық. Өзіміздің алдағанға көніп, арбағанға сүйретіліп жүруімізді қойып, өмірлік принциптерімізді қалыптастырайық. Қазіргідей заманда кімнің ойында не жатқанын аңғару қиын. Сондықтан да, нақты принциптерді бойымызға сіңіріп, оны ұрпағымызға да түсіндіруіміз керек. Ең бастысы – адамның өзінің алдындағы адалдығы. Өзіңе адал болсаң ғана, өзгеге де, қоғамға да адал боласың. Қай саланың маманы болмасын, бәрібір ол – тұлға. Бұл мәселеде де жауапкершілікті не мемлекетке, не өзгеге артпауымыз керек. Өзімізден бастап күресіп, құлқымыздың құлы болмай, адамгершілігімізді сақтасақ, жемқорлықты азайтудың ауылы алыс болмауы да мүмкін...

         

        Малика Такежанова,

        Х.Досмұхамедов атындағы

        мемлекеттік университеті,

        журналистика мамандығының

        2 курс студенті 

         

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
         __   __     ___      _____    _    _     _  _   
         \ \\/ //   / _ \\   |__  //  | || | ||  | \| || 
          \   //   | / \ ||    / //   | || | ||  |  ' || 
          / . \\   | \_/ ||   / //__  | \\_/ ||  | .  || 
         /_//\_\\   \___//   /_____||  \____//   |_|\_|| 
         `-`  --`   `---`    `-----`    `---`    `-` -`  
                                                         
        
         
        Наверх