Новости Атырау - Мунайлы Астана

      23 шілде 2019, 18:32
        Экономика 27.11.2013, 16:57 0 пікір 5707 просмотров

        Атыраудың жер асты су қорлары көп пе немесе аз ба?

        Тілші: - Текей Қарамырзаұлы, Сіздің жер асты су қоры жөніндегі әңгімеңіз көптен бері белгілі. Атырау облысының аумағында жер асты сулары қалай орналасқан?Тұщы су көздері қай ауданның жерінде көп деп ойлайсыз?

        ТЕКЕЙ ҚАРАМЫРЗАҰЛЫ: - Атырау өңірінің жер асты су қорлары көп пе немесе аз ба деген сұраққа жауап беру үшін, алдымен облысымыздың су қорларының бүгінгісі мен болашағын анықтап алу қажет. Қазір облыс тек Жайық пен Қиғаш өзендерінің суларына тәуелді. Бірақ оған біз қожалық ете алмаймыз. Неге десеңіз, өзендердің басы Ресей жерінде, олар өзен суларын қазірдің өзінде әр жерде бөгеп тастаған. Ал Жем, Сағыз сияқты шағын өзендер көктемде тасып, сулары Каспий теңізіне жетер-жетпесте жаз айларында құрғап қалады. Гидрогеологтардың болжамы бойынша Атырау өңірінің жер астында су өте көп. Бірақ та тұщы сулар аз. Олар негізінен құм массивтерінде орналасқан. Қай жерде құм қалың болып келсе, сол жерлерде адам ішуге және мал суаруға су аз мелгіл пайдалануға жетеді.Құдайға шүкір, Атырау өңірі құмды жерлерге кенде емес. Табиғи жайылымдары да мол. Атақты Нарын, Тайсойған және Қарақұм сияқты ірі құм массивтері бар. Және шағын-шағын құмдар атам заманнан мал суаруға пайдаланылып келгені белгілі. Конденсациялық теорияға жүгінсек, олардың су қорлары жылма-жыл толығып отырады. Осыдан кейін жерімізде су жоқ деп айтуға қалай дәтіміз барады? Мұндайларды бүгінгі су қорлары есебінен шығаруға болмайды.Егерде оларды есепке алсақ, облыс өңірінде жайылымдарды суландыруға су жеткілікті. Қызылқоға ауданының бірқатар ауылы Тайсойған құмының суын ішуде. Миялы селосы да жер асты суын пайдалануда.Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Атырау гидрогеология экспедициясының жүргізген ізденіс және барлау жұмыстарының нәтижелері аз емес. Экспедицияның Жылой ауданында қазып кеткен 220 астам ізденіс және барлау ұңғымаларының 180 осы күнге дейін бостан босқа жер астынан су атқылатуда. Және сулары ащы деп ешкім көңіл бөлмеген. Бастамасында ұңғымалардың суының қоспасы литріне төрт грамм шамасында болғандықтан, олар ауыз суға жарамайды, Теңіз мұнай кенішінің жер астын қабаттар қысымын сақтау ісіне арналады деп келген. Биылғы біздің Жаңасу су көзінен алып келіп, Атырау мұнай және газ институтының химия лабораториясы анықтап берген жіктеу қорытындысы бойынша,  судың ішіндегі қоспасы екі ғана грамм болып шықты. Бұл жағдай қар және жаңбыр суларының жерге сіңіп, қалыптасқан өңірінен (гидрогеологтардың болжамы бойынша Мұғалжар тауының етегінде) бастау алып,осы ұңғымаларға дейін жерасты су қабатын тазартып отыратынын сипаттайды. Және жерасты суларының бара-бара тұщып отыратынына көз жеткізеді. Бұл құбылыстың анығына жету жолдары гидрогеофизиктердің болашақта зерттейтін істерінің нәтижесінде болмақ. Демек, Жаңасу су көзі халық мұқтаждылығына ауыз су ретінде пайдалануына болады. Бұл бір есептен облыстың тұщы деген жер асты суларының санын көбейтпек. Жылой ауданының оңтүстік-шығысында Жаңасу сияқты жерасты суларының бірнеше кеніштері бар. Солардың суларының дәмін татып, лабораториялық жіктеулерден өткізіп, тұщы су қорларын көбейту облыстың гидрогеологиялық экспедициясының құзырына жатпай ма деп ойладық. Каспий ойпаты миллиондаған жылдар бойы түрлі жыныстарданқалыптасқан сан алуан қабаттарымен жабылған. Қазақстан гидрогеологтарының жарық көрген жазбаша еңбектеріне жүгінсек, осындай қабаттарда Солтүстік Каспий артезиандық бассейіні бар дегенге көз жеткізу қиын емес. Ал осы бассейін суға толып тұр. Ол сулар қай жерде қалыптасып, қайдан келді және қандай жерлерден су ағынын тосып алуға болады деген сауалдарға жауап бермек. Гидрогеологтардың зеттеулерінің нәтижесінде, ол сулар таулы жерлерде қалыптасады да, жер қабаттарымен осы ойтаң жерлерге жетеді деседі. Олай болса Каспий ойпатын айнала қоршаған жерасты сулары қалыптасуына ыңғайлы таулар мен қыраттар екен. Ал, қалыптасқан жер асты сулары қайда кетпек? Әрине ойтаң жерге – Каспий ойпатына. Демек, Орал тауында, оның оңтүстік-шығысына қарай жалғасатын Мұғалжар тауларында, қалыптасатын жерасты суларының Каспий ойпатының оңтүстік-шығысына қарай ағып отыруы айқын заңдылық. Оған айғақ – Жылой ауданының оңтүстік-шығысында орын алған бірнеше артезиандық су кеніштері - Жаңасу, Бәли т.б. бар. Міне болашақта Атырау өңірінің Ақтөбе облысымен шектескен жерлерінде гидрогеологиялық ізденіс және барлау жұмыстарын жүргізіп, артезиандық бассейіндер ашылған жағдайда облысымыз суы жоқ өлкеден суы мол елге айналары сөзсіз.

        Тілші: - Енді Нарын, Тайсойған және Қарақұмда тұщы су көздерінің игерілуі қалай деген сұрақ қойғалы отырмын.

        ТЕКЕЙ ҚАРАМЫРЗАҰЛЫ: - Облыста құм массивтері туралы әңгіме көтергенде тек ел кең жайлаған Нарын мен Тайсойғанды айтады да, Қарақұм массивін еске алмайды. Өкінішке орай, Қарақұм әлі игерілмеген. Ол дұрыс емес. Қарақұм да үлкен, көз тігерлік массив. Ешбір жан қоныстанбағанына құм айыпты емес. Сондықтанда келешекте жайылымдықтарға бай Қарақұмды да есепке алып отыру керек. Аталған құмдардағы жерасты суын пайдалану мақсатында малшылар ерте кезден төрт бұрышты немесе дөңгелек құдықтар қазып, суын пайдаланып отырған. Еліміз ғылыми-техникалық төңкеріс заманындамыз деп мақтанғанның өзінде, мал шаруашылығын техникалық жабдықтау сатысына жете алмай келеміз. Міне Нарын мен Тайсойған құмдарында жағдай жақсы жағына қарай өзгермеуде. Облысымыздың ауылшаруашылығы департаментінің қызметкерлерінің айтуларына қарағанда, ілгеріде біраз жаңалықтар болатын сияқты. 

        Тілші: - Сөзіңіз аузыңызда, Ойыл не Жайықтың тасуы жер асты суына әсер етеді дегенге қалай қарайсыз?

        ТЕКЕЙ ҚАРАМЫРЗАҰЛЫ: - Каспий ойпатында өзендер мен жерасты суларының байланыстары жоқ. Неге десеңіз өзендер мен артезиандық суларының арасы қашық, яғни өзендер жер бетінде, жер асты сулары тереңдікте. Және өзен сулары сіңіп, жер асты суларын қалыптастыратын жағдайы жоқ. Айтылған өзендердің тасуы жер асты суына әсер етеді деген қате түсінік.

        Тілші: - Өзіңіз білетін шығарсыз, Мақат және Жылой аудандарының халқы суды құбырдан ішеді. Осыны жер асты суына алмастыруға болады ма?

        ТЕКЕЙ ҚАРАМЫРЗАҰЛЫ: - Білгенде қандай! Болашақта жер асты сулары алыстан арбалағанша, жақын орналасқан кеніштерден жерасты суларын дорбалап тасыған әлдеқайда тиімді.Екі ауданның халқының Қиғаштан тартқан құбырдан еу ішетіні лажсыз жағдай. Сумен қамтамасыз ететін орындар жер бетіндегі тущы суға ғана сенеді, ал жерасты суынан хабарсыз. Екі ауданның халқын ғана емес, тіпті Атырау қаласын айналасындағы елді мекендерімен, жерасты суымен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол дегенге жергілікті гидрогеология мамандары сенімді.Соңғы кездерде Жылой ауданының оңтүстік-шығысында алдында келтірілген Жаңасу, Бәли, бұрынғы Мұнайлы селосының маңында гидрогеологтардың бірнеше жылдар бұрын жүргізген ізденіс және барлау жұмыстарының нәтижесінде 200-ден астам ұңғымалар қазылып, жер астынан су шығарған болатын. Бірақ, олардың суы ащы және алғаулы болғандықтан, халыққа ішуге жарамайды деген қорытындыға келіп, оларды мүлдем ұмытқан еді. Мезгіл өте бұл жерасты су көздері тұщи бастағанына көзіміз жетіп отыр. Оған дәлел Атырау гидрогеологиялық экспедициясының айтулары қамшы болып, өз көзімізбен көріп, шешімге келу мақсатында бір топ ауылшаруашылығының мамандары және Қазақстан жер асты суын пайдалануын зерттеп және оған экономикалық баға берген осы жолдардың авторы Бәли және Жаңасу жер асты суларының кеніштеріне барып, судың дәмін татып қайтқан болатынбыз, Жаңасу көзінен атқылап жатқан судан ішіп, шөлімізді басқанбыз. Ілгеріде айтылғандардың бәрі тек болжам ғана. Оны іс жүзінде көру үшін, Атырау облысының халқын жаппай сумен қамтамасыз ету сенімді іс екенін дәлелдеу мақсатында, алдымен, гидрогеологиялық және техника-экономикалық зерттеулер жүргізіп барып, анығына жету мақсат демекпіз.Қазіргі кезде суы атқылап жатқан ұңғымаларды көргеннен басқа мағлұмат жоқ. Әр ұңғыманың тереңдігі, олардың конструкциясы, бұрқақ дебиттері, минерализациясы өзгеше, олар туралы бізде еш мәлімет жоқ. Халық мұқтаждылығына қаншама көлемде су қажет? Оны қамтамасыз ету үшін жаңадан қазылатын ұңғымалар саны нешеу болмақ? Олардың жерасты сулары елдің талғамына жете ме? Ұңғымаларды қазып және құбыр төсеп суды жергілікті жерге жеткізу үшін қанша қаражат керек? Міне осы сұрақтарға болжам түрде болсада әзір жауап жоқтың қасы. Осының бәрі «құр аяққа бата жүрмейді» дегендей қаражатқа келіп тіреледі.Жерасты су кеніштерінің қазіргі жағдайларын сипаттауға келсек, атқылап жатқан ұңғымалар іске қосуға келмейді. Олар өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарда қазылған. Сумен және оған қоса жер қабатынан көтерілетін құм, ұсақ тастармен т.с.с. ұңғымалардың түбі мен қабырғаларын құрайтын құбырлар қажалып істен шығулары мүмкін. Жер астында болып жатқан құбылыстарды  ешкім білмейді. Тіпті ұңғымалардың жер бетіндегі ауыздық құбырлар даттанып істен шыққан, айналасын су қоршап, көлге айналған. Ұңғымаларды көрген адам судың атқылағанына мәз болады. Шын мәнінде олар ағытқыштар орнатып, су ағынын тежеп отыруға келмейді. Олардың суын дұрыс пайдалану үшін, ізденіс және барлау жұмыстарына арналған ескі тар құбырлы ұңғымаларды жауып, ішіне су тартқыш насостар сиятын кең құбырлы пайдалану ұңғымаларын қазып, ауыздық құбырларға қажетті қондырғыларды жалғау қажет. Бұл жұмыстарды жүргізу көп қаражатты тілейді. Әрі жеке кәсіпкерлердің ақшалары мұндай іске жете бермейді. Жекеменшік пайда табуды көздейді. Оның халықтың жағдайымен шаруасы жоқ. Үлкен жұмыстарды орындауға тек өкіметтің күші жетеді. Халықтың қамын ойлайтын өкімет орындары болмақ. Ал, жерасты суларының қоры стратегиялық қорларға жатады. Өзге адамдарға сату заңсыз. Сондықтанда, старатегиялық қор ретінде жерасты суының кеніштері ешкімге сатылмай, мемлекеттің меншігі болған шарт.

        Тілші: Сөз орайында айта кетейін, шынында да  Жылой ауданында босқа ағып жатқан су көздері көп. Соны жергілікті кәсіпкерлерге сенімгерлікпен басқаруға беруге болмайды ма?

        ТЕКЕЙ ҚАРАМЫРЗАҰЛЫ: - Алдында атап кеткендей, Жылой ауданында қазірдің өзінде атқылап жатқан 180 ұңғыма бар. Жерасты суы аққан маңда құрақ, қамыс т.б. өседі. Жем өзенінің бойындағы шаруашылықтар сол шөптерді шауып, өз ауылдарына тасып әкетіп жатыр. Біз соған да мәз боламыз. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дегендей, сол жер асты су көздерін жергілікті жерде елді мекендерін салып, ұқыпты пайдаланған жөн емеспе деген пікірге келеміз. Себебі, оған толықтай мүмкіншіліктер бар. Су бар, табиғи жайылым мал ұстауға жеткілікті. Ол жерлерде бірнеше өркениетті ауыл құруға болады. Малшылардың жағдайын жақсарту,  елді мекендерге су айдайтын насостарды электр қуатымен жабдықтау, тұрғындарды электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында оның желісін тартып беруге мүмкіндігі мол. Оған дәлел: Шалқар-Бейнеу теміржолы Жаңасудан тек отыз шақырым қашықтықта өтеді. Сол жерден Жаңасуға дейін электр жүйесін тартып алу қиын емес. Теңіз суын пайдаланып, шабындықты дамытқан жоғарыда атап кеткен ғалымның айтулары бойынша, бұл өңірдің табиғи шөп қорлары малға жеткілікті азық болуына мүмкіндіктері мол. Күздің соңғы кезінде, қыста және көктемнің алғашқы айларында малды қыстақта ұстау үшін жер асты суымен оазистік суармалы жерлер игеріп, мал азығын дайындауға да мүмкіндік бар. Жаңасудың су қоры ұқыпты пайдаланылса, халық мұқтаждылығын да, оазистік суармалы жерлерге де жеткілікті.Сіздің қойған сауалыңыз «жарамыздың қабығын ашып» жібергендей болды. Өз жеріміздегі Жаңасуды сыртынан сығалап және меншіктеп жүргенімізде, оны Астаналық бір қу сатып алып үлгерген. Сөйтіп оңай табысқа қарық болмақ. Ол жер асты суын халық игілігіне пайдалануға ұмтылса жақсы. Тек орыстар айтқандай: «Сам не гам и другим не дам» болып кетпесе екен деген пікірдеміз. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» - деген қазақтың мақалы тағы бар. Астаналық кәсіпкер елімізге жанашырлық жасарма екен деп сенудің өзі болмайтын сияқты. Себебі осы күнге дейінгі оның суды пайдаланудағы тіршілігін көріп отырғанымыз жоқ. Ол адам жерасты суын пайдаланудың жөнін біледі деп айту да қиын. Атқылаған су атқылап жатыр. Орыстар айтқандай «Сабака на сене» дегендері ойға келе береді. Сіз айтқандай, сатып алған кісіден Жаңасуды қайтып алып, жергілікті кәсіпкерлерге  сенімгерлікпен басқаруға беруі қажет. 

        Тілші: - Облыстағы гидрогеологиялық экспедиция өз міндетін қалай атқарып келеді? Оның болашағы бар деп ойлайсыз ба?

        ТЕКЕЙ ҚАРАМЫРЗАҰЛЫ: - Атыраудың гидрогеологиялық экспедициясы бір кездерде өте ірі кәсіпорындардың бірі болды. Жерасты суларын іздестіріп және олардың қорларын көбейтуге мемлекет қаржыны көп салған болатын. Кеңес өкіметі тарағаннан кейін бұл экспедицияның келімсек, жалдамалы мамандары ата жұрттарына көшіп кетті. Егемендік алғалы еліміздің қаражаты жетіспегендіктен, экспедицияның халі нашарлап, бытырауға қалған жағдайы бар болатын. Сол кезде жергілікті жердің жанашыр жігіті қажырлы еңбек етіп, экспедицияны бытыратпай, оны өз меншігіне алып, содан бері қыруар жұмыс жүргізіп келеді. Мен мұндай азаматтарға рахметімнен басқа айтарым жоқ. Бірақта,қазіргі кезде жерасты суларын пайдалануға өкімет тарапынан сұраныс болмағандықтан, қаражат бөлінбегендіктен, гидрогеологиялық ізденіс және барлау жұмыстарын жүргізуге экспедицияның қаржысы жетіспейді.Экспедицияның болашағы өте зор. Жоғарыдағы жүргізілетін жұмыстарды осы экспедиция атқаратыны анық. Тек оларға үкімет, облыстық әкімият, халқына су қажет аудандардың әкімияттары бұрғылау, тасымалдау т.б. техникаларын жаңғыртуға және білікті кадрлармен (гидрогеолог, бұрғышы т.с.с.) толықтырып, қажетті жұмыстарды жүргізуін кеңейтуге қаражат бөліп отырғаны жөн.Сусыз жердегі табиғи мал азығын пайдалану үшін жер астынан су іздейтін де осы гидрогеологтар болады. Сондықтанда Атырау гидрогеология экспедициясының рөлі орасан зор дер едім.

        Тілші: - Текей Қарамырзаұлы, соңғы сауал. Облыстағы жайылымдықтар мен шабындықтарды игеруде жер асты суының рөлі бар ма?

        ТЕКЕЙ ҚАРАМЫРЗАҰЛЫ: - Қазіргі Атырау өңірі эконо-микасының негізі – мұнай және газ екенін білеміз. Ертеңгі күні олар таусылғанда келімсектер кетеді, қалатын тек қазақтар. Халқымыздың халі не болмақ? Өзін асырау үшін немен айналысады? - деген сауал бүгінгі күні ешкімнің де ойына келмейді. Мұнай мен газ өндіріп, оны өткізуден алған табыстарымызға мәз боламыз. Ертеңгімізді неге ойламасқа деген сауал туындайды. Сол кезде ел ата-бабаның дәстүрлі шаруашылығымен, яғни мал бағумен айналысады. Мал өсіру үшін жайылым керек. Олар сусыз жерде мол. Оған су қажет. Жер бетіндегі суға сенім жоқ. Жайықтың төңірегінде мал басын тағы көбейте алмайсың.Жерасты суларын пайдаланатын жағдайлар туғанда, олар тек облыстың жайылымдықтарының бар жерлерінде ғана қажетті мөлшерде мал азығын дайындауға оазистік шабындықтарды игеруге жұмсалады. Ондай шабындықтар тек жерасты суларын жүйелі түрде, жайылымдықтарды ұқыпты пайдалану арқылы жасауға болады.Жерасты суын жүйелі пайдалану деген өз алдына бөлек проблема. Оны шешу арнайы зерттеулер нәтижесінде болмақ.

        Әңгімелескен Құттыгерей СМАДИЯР, фото Гулзада ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ. 

        Пікірлер

        Пікір қосу

        ДОБАВИТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ

         
        Введите пять букв размещенных внизу:
         _    _      ___      ____     __   __    ______  
        | || | ||   / _ \\   |  _ \\   \ \\/ //  /_   _// 
        | || | ||  | / \ ||  | |_| ||   \ ` //     | ||   
        | \\_/ ||  | \_/ ||  | .  //     | ||     _| ||   
         \____//    \___//   |_|\_\\     |_||    /__//    
          `---`     `---`    `-` --`     `-`'    `--`     
                                                          
        
         
        Наверх